Абай облысы бойынша ҚАЖ әйелдер колониясында “Шамшырақ” ансамблінің концерті өтті
Абай облысы бойынша ҚАЖ әйелдер колониясында “Шамшырақ” ансамблінің концерті өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы бойынша ҚАЖ әйелдер колониясында Семей қалалық мәдениет үйінің жанынан құрылған “Шамшырақ” ансамблінің қатысуымен концерттік бағдарлама өтті. Шығармашылық кездесу сотталғандарды рухани-адамгершілік тұрғыдан қолдауға, мәдени құндылықтарды дамытуға және жағымды психологиялық ахуал қалыптастыруға бағытталған мәдени-тәрбиелік жұмыстар аясында ұйымдастырылды.
Семей қалалық мәдениет үйі жанынан жұмыс істейтін “Шамшырақ” ансамблі жиырма жылдан астам уақыт бойы белсенді шығармашылық қызмет атқарып келеді. Ұжым 2001 жылы құрылған және көзі көрмейтін әрі нашар көретін азаматтарға мәдени және рухани-ағартушылық қызмет көрсетіп, дарынды өнерпаздарды бір арнаға тоғыстырып, өнердің шекарасы болмайтынын дәлелдеп келеді.
Сотталған әйелдер үшін өнерпаздар қазақстандық композиторлардың халық әндері, патриоттық және эстрадалық шығармаларынан құралған мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынды. Әндердің шынайы орындалуы, жүрекке жылы әсер еткен атмосфера мен еркін қарым-қатынас көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Әрбір шығарма ұзақ қол шапалақпен қарсы алынып, көптеген тыңдаушылар таныс әуендерге қосылып ән шырқады.
— Осындай концерттер бізге үміт сыйлап, күнделікті күйбең тіршіліктің ауыртпалығынан болса да бір сәтке алыстауға мүмкіндік береді. Бүгінгі концерт жан дүниемізге ерекше әсер етті. Біз өзімізге деген қамқорлық пен қолдауды сезіндік. Мұндай кездесулер мейірімділік, музыка және адамгершілік қарым-қатынастың жақсы өзгерістерге жетелейтін күшке ие екенін еске салады, – деді сотталғандардың бірі.
– Біздің ұжым адамдарға музыка арқылы жарық сәуле, үміт және рухани қолдау сыйлау мақсатында құрылған. Өнер адамдарды біріктіріп, шабыттандырып, өмірдің қиындықтарын еңсеруге көмектесетініне сенеміз. Бүгін біз үшін қолдау мен жарқын болашаққа деген сенімге мұқтаж жандарға жан жылуын сыйлау ерекше маңызды. Егер біздің өнеріміз бір адамның болса да үмітін оятып, өмірін жақсы жаққа өзгертуге талпыныс сыйлай алса, мақсатымыздың орындалғаны, – деді “Шамшырақ” клубының негізін қалаушы Марат Әлиасқар.
Іс-шара соңында мекеме әкімшілігі шығармашылық ұжымға жоғары деңгейдегі орындаушылық шеберлігі, жанашырлығы және мәдени-тәрбиелік жұмысқа қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Осындай іс-шараларды өткізу сотталғандардың рухани дамуына, ізгілік құндылықтарының қалыптасуына ықпал етіп, олардың қоғамға қайта бейімделуінің маңызды бөлігі болып табылады.
