Абай облысында анықтаушылар марапатталды
Абай облысында анықтаушылар марапатталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Кәсібіне адалдық, жауапкершілік және біліктілік – анықтаушы қызметінің басты қағидалары. Осы талаптарды өз қызметінде берік ұстанып келе жатқан Абай облысы полиция департаментінің Семей қ. ПБ анықтаушысы Агата Сейтқан – кәсіби шеберлігімен дараланған мамандардың бірі.
Агата Сейтқан құқық қорғау саласындағы еңбек жолын 2019 жылы тергеу қызметінен бастаған. Ал 2025 жылдан бастап анықтау бағыты бойынша қызмет атқарып келеді. Аз уақыт ішінде жаңа бағыттың ерекшелігін меңгеріп, кәсіби тәжірибесі мен білімі арқылы жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Биыл ішкі істер органдары жүйесіндегі анықтау бөлімшелерінің құрылғанына 35 жыл толып отыр. Анықтау қызметі ІІО жүйесінде 1991 жылғы 6 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығымен дербес қызмет ретінде құрылып, бүгінде қылмыстық құқық бұзушылықтарды ашу мен тергеп-тексеру ісіндегі маңызды бағыттардың біріне айналды.
Анықтаушының қызметі – жоғары кәсіби біліктілікті, жан-жақты білімді, табандылықты, принципшілдікті және моральдық-психологиялық тұрақтылықты талап ететін жауапты міндет. Бұл талаптардың барлығы Агата Сейтқанның күнделікті қызметінен көрініс табады.
Кәсіби мерекеге орай және анықтау бөлімшелерінің 35 жылдығына арналған іс-шара барысында қызметтік міндеттерін мінсіз атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген бірқатар қызметкерлер марапатталды. Оларға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Абай облысы полиция департаменті басшылығының атынан медальдар, грамоталар және алғыс хаттар табысталды.
Салтанатты жиында Абай облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Елдос Закимов анықтау бөлімшелерінің қызметкерлеріне адал еңбегі, кәсібилігі мен қызметке деген жауапкершілігі үшін алғыс білдіріп, алдағы жұмыстарына толағай табыс тіледі.
Агата Сейтқанның жетістігі – кәсіби тәжірибе мен табанды еңбектің нәтижесі. Тергеу саласындағы жылдар бойы жинақтаған тәжірибесін анықтау қызметінде тиімді ұштастыра білген маманның бұл марапаты – өз ісіне деген адалдығы мен еңбегіне берілген лайықты баға.
