Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында металл конструкцияларын өндіру цехында 15 сотталған жұмыс істейді

Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты орташа қауіпсіздік мекемесінде өндірістік қызметті дамыту және сотталғандарды еңбекпен қамту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Осы бағыттағы табысты жобалардың бірі – 2005 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан металл конструкцияларын өндіру цехы. Қазіргі таңда мұнда 15 сотталған жұмыспен қамтылған. Олар кесімді еңбекақы алып, еңбек дағдыларын меңгеріп, талап-арыздар бойынша міндеттемелерін орындауға және бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімделуге дайындалуда.

Қазіргі уақытта өндірістік учаске қызметкерлері металлдан жасалған көшеге арналған қоқыс жәшіктерін дайындау бойынша ірі тапсырысты орындады. Барлығы 250-ге жуық қоқыс жәшігі дайындалды. Тапсырысты орындауға шамамен екі ай уақыт жұмсалды. Бүгінде жұмыстар толық аяқталып, дайын өнім тапсырыс берушіге жеткізуге әзір.

Әрбір қоқыс жәшігі металлдан сапа, беріктік және ұзақ мерзімділік талаптарына сәйкес дайындалған. Өндіріс барысында сотталғандар металды кесуден бастап дәнекерлеу, сырлау және дайын бұйымды толық құрастыруға дейінгі барлық кезеңдерді өздері орындады.

– Цехтағы жұмыс маған жауапкершілік пен тәртіпке үйретті. Осында металлмен жұмыс істеудің тәжірибелік дағдыларын меңгердім. Бұл дағдылар бостандыққа шыққаннан кейін өз кәсібімді табуыма көмектеседі деп сенемін. Өз еңбегімнің қоғамға пайда әкеліп жатқанын сезіну – ерекше қуаныш, – дейді сотталғандардың бірі.

 

– Бүгінде мекеме аумағында ағаш өңдеу, металл конструкцияларын жасау, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын өндіру және басқа да өндіріс бағыттары бойынша қызмет атқаратын 15 жеке кәсіпкер мен 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік жұмыс істейді.Жалпы өндірістік нысандарда 350-ден астам сотталған еңбекпен қамтылған. Ақылы еңбек сотталғандардың кәсіби дағдыларды меңгеруіне, еңбек тәртібін қалыптастыруына және бостандыққа шыққаннан кейін табысты қайта әлеуметтенуіне оң ықпал етеді, – деді сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің бастығы Куанышбек Туканов

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру