Абай облысында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп мәселелері талқыланды
Абай облысы полиция департаментінде департамент бастығы Эльдар Данияровтың төрағалығымен жедел кеңес өтіп, жылдың I тоқсаны бойынша жедел-қызмет нәтижелері қорытындыланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Кеңеске департамент бастығының орынбасарлары, басқарма және бөлім басшылары, сондай-ақ қалалық және аудандық полиция бөлімдерінің жетекшілері қатысты.
Жиын барысында қылмыстардың ашылу деңгейі, профилактикалық және патрульдік қызметтің тиімділігі, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жан-жақты талқыланды. Ерекше назар интернет-алаяқтыққа, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, жол-көлік оқиғаларына және мас күйінде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға аударылды.
Сонымен қатар "Таза Қазақстан" бастамасы аясында қоғамдық орындардағы тазалықты сақтау, қоршаған ортаны қорғау және құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларының маңыздылығы атап өтілді. Бұл бағытта полиция мен қоғамның өзара іс-қимылын күшейтіп, құқықтық мәдениетті арттыру негізгі міндеттердің бірі екені айтылды.
"Заң мен тәртіп" қағидаты шеңберінде азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын сақтау және қоғамда нөлдік төзімділік қағидатын қалыптастыру мәселелері де кеңінен сөз болды.
Кеңес қорытындысы бойынша Эльдар Данияров аумақтық бөлім басшыларына жеке құрам тәртібін қатаң бақылауда ұстауды және профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруды тапсырды. Алдағы кезеңге нақты міндеттер айқындалып, тиісті тапсырмалар жүктелді.
