Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Адамдарға тиісіп, балағат сөздер айтқан такси жүргізушісі жазаланды

Заңсыз такси жүргізушісіне адамдарға тиісіп, балағат сөздер айтқаны үшін айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жыл басынан бері көлік полицейлері елдегі әуе және теміржол көлігі объектілерінде түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 6 421 азаматты жауапкершілікке тартты. Соның ішінде қоғамдық орындарда тиіскені үшін 387 тұлға, оның 101-і заңсыз такси жүргізушісі.

Мәселен, 14 ақпанда Астана станциясындағы желілік полиция басқармасына Қостанай – Алматы-1 бағытындағы пойыз жолаушысы шағымданды. Оның айтуынша, елорданың теміржол вокзалынан шыға берісінде такси жүргізушілері мазасын алып тиіскен, ескертулерге құлақ аспаған, сондай-ақ балағат сөздер айтқан.

Тексеру кезінде полицейлер 45, 48, 50 және 51 жастағы жеті азаматты анықтады, олардың біреуі бұған дейін адамдардың мазасын алып, тиіскені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Оған ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы 2-бөлігі бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш (34 500 тг) мөлшерінде айыппұл салынды.

6 құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, 45 жастағы ер адам ұсақ бұзақылық жасағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылып, оған 5 АЕК (17 250 тг) мөлшерінде айыппұл салынды.

Естеріңізге сала кетейік, қоғамдық орындарда тиісу бойынша әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін аталған факті қайталанған жағдайда 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға немесе 5 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуға, ал ұсақ бұзақылық 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға не 10 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алуға әкеп соғады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру