Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ
Қазақстан полициясына 30 жыл

Адамдарға жақынмын – солтүстікқазақстандық тергеуші өзінің жұмысы туралы айтып берді

Тайынша ауданы полиция бөлімінің тергеушісі өзінің жұмысы туралы айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан полициясының құрдасы Жамалдин Сүлейменов мамандықты мінезге сай етіп таңдау аса маңызды екенін жақсы біледі. Еңбек жолын прокуратурада мемлекеттік қызметші болып бастаған ол құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысы қаншалықты маңызды және асқан жауапкершілікті талап ететінін түсінген. Алайда, ол адамдармен тікелей қарым-қатынас жасайтын жұмысты аңсады. Нәтижесінде Жамалдин полицияға ауысты. 2018 жылы Петропавл Полиция басқармасы Бірінші полиция бөлімінде жедел уәкіл болып қызмет етті, келесі жылы өзінің туған жеріне – Тайынша ауданына оралып, тергеуші қызметіне орналасады. 

– Бұл жұмыста жеке өмірге уақыт болмай қалады. Тек тәуліктік кезекшіліктен кейін ғана жұбайым мен ұлыма барынша уақыт бөле аламын. Дәл осы жұмыста өзімді жайлы сезінемін, – деді Жамалдин.

 

– Ұқыпты, адамдармен тез тіл табысып, сенімге кіре алады, тергеуді мемлекеттік және орыс тілдерінде бірдей жүргізеді, – деп ол туралы өз ойын білдірді аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Қайрат Қасенов.

Оның айтуынша, полиция аға лейтенанты Сүлейменов бірқатар күрделі тергеулер жүргізген. Оның ішінде 5 эпизодтан тұратын мал ұрлығы, банктен қоңырау шалу жолымен жүзеге асырылған интернет-алаяқтық да бар.

Еңбек өтілі көп болмаса да, жәбірленушілерден келіп түсетін алғыстар аз емес. Жоғалған қаражатты тергеу ең қиын болды. Аудан тұрғыны жұмыс сапарларына шыққан кезде кәсіпорынның ақшасын спорттық бәске тігіп отырған. Оның құмарлығы жұмыс берушіге 24 миллионнан астам теңгеге шығын келтірген. Тергеу барысында Жамалдинге жұмсалған әр тиынды анықтау үшін ел аумағын түгелдей аралауға тура келген.

– Бұл қиын тергеу болғанымен, мен жаңа білімге, жаңа әсерлерге ие болдым, адамдарды жақсырақ түсіне бастадым, – дейді ол.

Жамалдиннің інілері де ағасының ізін қумақшы, інісі – Әлішер ҚР ІІМ Қарағанды акадамиясын тәмамдауда және болашақта криминалист болады, оныншы сыныпта оқитын екінші інісі Мұхамедәли де полицей болғысы келеді екен. Бұдан бөлек, жас тергеуші спорттық іс-шараларға қатысады және көркемөнерпаздар қатарында өнер көрсетеді. Ол жақында Қазақстан полициясының 30 жылдығының құрметіне ұйымдастырылған концертте өнер көрсеткен.

– Менің ойымша, полиция қызметкері белсенді, жан-жақты болуы тиіс. Ең бастысы, қарым-қатынас жасайтын адамдарға жақын болу керек. Тек осылай ғана халықтың сенімі мен қолдауына ие болуға болады, – дейді ол.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру