Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да Қазақстан полициясының 30 жылдығы атап өтілді

СҚО-да Қазақстан полициясының 30 жылдығы атап өтілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан полициясының 30 жылдығына орай 50-ден аса солтүстікқазақстандық полицей марапатталды. Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері кәсіби мереке мен Мемлекеттік қызметшілер күніне орай салтанатты жиналыс өткізді.

Ішкі істер органдарының жеке құрамы мен ардагерлерін құттықтау Жастар сарайында өтті. Өңірдің құқық қорғау органдары және күш құрылымдарымен бірге СҚО әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағамбетов полицейлерді құттықтады.

СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов жеке құрам алдында сөз сөйлеп, барлық қазақстандық полиция қызметкерлері мен ішкі істер органдарының ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Жауапты сәттерде түсіністікпен қарап, барынша қолдау көрсеткен қызметкерлердің отбасы мүшелеріне: ата-аналарына, жұбайлары мен балаларына ерекше алғысын білдірді.


Кәсіби мерекеде әріптестерінің және ардагерлердің зор қошеметімен облыстың 15 полиция қызметкері марапатталды. Олардың қатарында СҚО Полиция департаменті Кадр саясаты басқармасының бастығы Абылғазы Ғабдуллин Қазақстан полицияның 30 жылдығына орай “полиция полковнигі” арнаулы атағын мерзімінен бұрын алды.


Сондай-ақ Петропавл Полиция басқармасы бастығының орынбасары Әлнұр Ахмедьяров та “полиция подполковнигі” атағына мерзімінен бұрын қол жеткізді. Жеті адам облыс әкімінің құқығымен марапатталды. Оның ішінде Петропавл Полиция басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Рүстем Тасболатов, СҚО Полиция департаменті КСБ аға инспекторы Мақпал Жаменова, Айыртау ауданы ПБ учаскелік полиция инспекторы Александр Несвитеев болды. Сондай-ақ, аумақтық полиция бөліністерінің қырық басшысы мен тәжірибелі қызметкері таңертең мерейтойлық медальдармен, басқа да наградалармен марапатталды.

Мереке күнінде полицейлер қызметтік парызын атқару кезінде қаза тапқан әріптестерін еске алады. Милиция лейтенанты Александр Сергеев, полиция майоры Ерік Оспанов, полиция старшинасы Александр Гордеевтің жесірлеріне естелік сыйлықтар табыс етілді. Айта кететіні, Гордеевтің ұлы Антон Гордеев әке ізін қуып, Жамбыл ауданы полиция бөлімінде полиция аға сержанты атағында қызмет атқаруда. Қазақстан полициясының 30 жылдығында ол облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталады.
Іс-шара СҚО Полиция департаменті Мәдени орталығының вокалдық тобы Қазақстан полициясының 30 жылдық мерейтойының құрметіне арнайы әзірлеген концерттік бағдарламамен аяқталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру