Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Әйел тұрғындарды алдап кетті

Түркістан облысының полицейлері ауыл тұрғындарының ақшасын алаяқтықпен алған әйелді қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түлкібас АПБ-не жергілікті тұрғын арызданады. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, ол 2019 жылы қыркүйек айында өзімен қызметтес болған қызға алданып, оның мүгедектікпен зейнеткерлікке шығарып беремін деген уәдесіне сенгенін жеткізді. Содан ол сұраған 200 000 теңгені беріп, соңында сан соғып қалған. Осыған ұқсас шағыммен полиция бөліміне тағы бір тұрғын хабарласқан.

Аталған жайттар сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық« бойынша тіркеуге алынды.​​​

Орын алған алаяқтықты ашу мақсатында тәжірибелі полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер жәбірленушілердің жауабына сәйкес күдіктіні анықтап, жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде осы алаяқтықты жасаған күдікті әйелді ұстады. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Өз кінәсін толық мойындады.

Тергеу барысында алаяқ әйелдің бірнеше тұрғынды алдап, ақшаларын алғаннан кейін, аталған мекемеден жұмыстан шығып кеткені белгілі болды. Ол өз жауабында ақша қажет болғандықтан осындай әрекетке барғанын жеткізді. Бас шарасы міндеттемемен босатылды.​​​​​​

Өз кезегінде полиция қызметкерлері аталған қылмыстық іс бойынша жәбірленушілер санының өсуі мүмкін екендігін жоққа шығармайды.​​​

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға алаяқтардың арбауына түсіп қалмай, абай болыңыздар деп ескертеді. Сондай-ақ өз қаражатыңыз бен мүлкіңізге сақ болыңыз. Егерде осындай жайттар орын алған жағдайда «102» шұғыл телефон нөміріне хабарласыңыздар. Бұл өз кезегінде қылмыстың «ізін суытпай» ашуға мүмкіндік бермек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру