Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Әйелдер колониясында спорттық іс-шара ұйымдастырылды

Атырауда әйелдер колониясында спорттық шара өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Атырау облысы бойынша ҚАЖД қарасты УГ-157/11 мекемесінде (әйелдер колониясы) сотталған әйелдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында “Көңілді старт” спорттық эстафетасы өтті.

Спорттық шараға сотталған әйелдерден құралған бірнеше команда қатысып, жеті кезең бойынша өзара сайысқа түсті.

– Бұл шара біздің денсаулығымызға оң әсер етіп қана қоймай, көңіл-күйімізді де көтереді. Сол себепті біздің жасақтан бірден екі команда шығарып, жеңіске жетуді мақсат етіп отырмыз, – дейді сотталған Айгүл.

Жеті кезеңнен тұратын эстафеталық жарыста доппен секіру, түрлі кедергілерден өту, бірлесе жүгіру сияқты түрлі тапсырмалар берілді. Әр кезең бес балдық жүйемен бағаланып, команданың жылдамдығы мен ептілігіне ғана емес, ұжымдық бірлігіне де үлкен мән берілді.

Жүлделі орындарға ие болған командалар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

– Спорттық шаралардың қажеттілігі айтпасақ та түсінікті болар. Жарыс ұйымдастырудағы мақсатымыз – сотталған әйелдерді сергітіп, олардың арасында салауатты өмір салтын насихаттау болды, – дейді УГ-157/11 мекемесі бастығының орынбасары Медет Аджикулов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру