Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Әке аманатын орындап жүрген полиций ару

8 наурыз – Халықаралық Әйелдер күні мерекесі қарсаңында Polisia.kz редакциясы ішкі істер саласында абыройлы қызмет атқарып жүрген полицей арудың бірі және бірегейі жайлы ақпарат ұсынбақ.

– Мені полицей еткен әкемнің аманаты. Кез-келген перзент үшін асқар тау тұлғаның сенімінен қымбат дүние жоқ. Осы биік мақсатым менің – темірқазығыма айналды.

Ал өмірлік бағыт-бағдарын айқындап алған адамның жаңылысуы мүмкін емес. Полиция капитаны Айгүл Айдарбекқызы жеті жылдан бері Ішкі істер саласында еңбек етіп келе жатыр. 

8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Шымкент қаласы Полиция департаментінде абыройлы қызмет атқарып жүрген полицей арулармен таныстыру айдарының кезекті кейіпкері Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасында Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы – Айгүл Калиева.

Ол 1990 жылы Түркістан облысы Түлкібас ауданы Састөбе елді-мекенінде дүние келген. 1997-2008 жылдар аралығында С.Макеренко атындағы жалпы орта мектебінде білім алып,  2008-2011 жылы Шымкент қаласы Халықаралық Гуманитарлы- техникалық университетінің стандарттау-сертификаттау және метрология мамандығы бойынша, 2014-2016 жылы Ақтөбе қаласы М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының құқық қорғау қызметі мамандығы бойынша оқуды тәмамдайды. 2016 жылы қазан айында Ішкі істер органы қатарына қабылданады. 

– Бұл саланы таңдау себебім – әкемнің арманын жүзеге асыру болатын. Ол қызының елге қызмет етуін қалаған. Дегенмен қайсарлықты талап ететін мамандықты таңдай отырып, нәзіктікті жоғалтып алмау керектігін түсіндім. Сондықтан тек қана білікті маман ғана емес, ибалы қыз болу да ата-анамның тәрбиесімен бойға сіңген. Алғашқы қызметті мектептегі құқық бұзушылықтың алдын-алу, яғни ювеналды полиция инспекторлығынан бастағандықтан қызмет бабында ата-анамның берген тәлімі көп септігін тигізді. Жалпы барлық жетістігімнің бастауы – әке-шешенің баласына деген шексіз махаббатында жатыр десек жаңылыспаймын. Сондықтан әрбіріміз қандай мамандық иесі атансақ та бастысы ата-ана алдындағы перзенттік парызымызды естен шығармағанымыз жөн, – деді Айгүл Айдарбекқызы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру