Аккумуляторды ұрлап, досына сыйға тартқан
Нұр-Сұлтан қаласында тұрғын аккумуляторды ұрлап, досына сыйға тартқан, – деп хабарлайды Polisia.kz.
33 жастағы елорда тұрғыны түнгі уақытта иесі есігін бекітпей қалдырып кеткен «DAEWOO NEXIA» маркалы автокөлігінің аккумуляторын шешіп алған. Ұрланған батареяны ол осыған ұқсас маркалы автокөлікпен жүретін досына сыйлаған.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында қылмысты жасады деп күдік келтірілген адамды анықтап, ұстады. Ер адам мойындау айғағын берді.
Ұрланған аккумулятор тәркіленіп, иесіне қайтарылды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Оның бұған дейін елорда аумағында жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.