Алаяқтар Петропавл тұрғынынан 10 миллион теңге жымқырды
Алаяқтар Петропавл тұрғынынан 10 миллион теңге жымқырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ресми түрде сөйлеу әдебі және «банкімен тергеу жүргізу» туралы әңгіме қылмыскерлерге әйелдің сеніміне кіруге көмектескен.
31 наурыз күні Петропавл тұрғынынан екі рет телефон қоңырауы келіп түскен. Тұтқаның арғы жағындағы адам өзін банкінің менеджері деп таныстырған. Ол жәбірленушінің атына ірі несиенің ресімделгені туралы хабарлап, операцияны растау қажеттігі туралы сұраған. Әйел келіспегендіктен, оған кейін «қауіпсіздік қызметінен» хабарласатынын айтқан.
Екінші қоңырау WhatsApp-тан түскен. Жәбірленушіге есепшотына қатысты қолсұғушылықты болдырмау үшін ірі сомада несие алып, алған ақшаны «қосалқы шотқа» жіберу қажеттігі туралы ескерткен. Жәбірленушінің сөзіне қарағанда, ол интернет-алаяқтық туралы білген, бірақ онымен ресми тілде шебер сөйлескен адам сеніміне кіріп алған. Бұдан бөлек, әңгіме барысында ол бұл фактіге банк қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін екендігін атап өткен. Алаяқ банк қауіпсіздігі тергеу жүргізіп жатқанын алға тартып, жәбірленуші банкіге барғанда, «қылмыскерлерді үркітіп алмау үшін» ешкімге ештеңе айтпау қажеттігі туралы айтқан. Бұл сөздер әйелдің сенімін түбегейлі жаулап алған. Қала тұрғыны банкіге барып, 4,5 млн теңгеге несие ресімдеген және өзінің жинаған қаражатымен қоса, алған ақшаны шотқа аударған, шот деректемелерін хабарласқан адамдар айтқан. Бұдан кейін алаяқ әйелді оның атына несие ресімдеуге әрекет жасалғаны жөнінде хабарлама келіп түскен банкіге барып, алдыңғы әрекеттерін қайталауға көндірген. Бірнеше күннен кейін ол алаяқтардың құрығына түскенін түсінеді және полицияға жүгінген.
– Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Шығын сомасы 10 миллионға жуық теңгені құрады. Бұл жыл басынан СҚО-да алаяқтармен келтірілген ең ірі шығын сомасы болып табылады. Адамдарды қандай жағдай болмасын «банкіден шалынатын қоңырауларға» сенбеуге шақырамыз. Егер қаражатыңыздың сақтығына қатысты күмән болса, банкіге өздеріңіздің жүгінгені жөн, – деп хабарлады СҚО Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.
Облыста 3 айдың ішінде 214 интернет-алаяқтық тіркелді, оның 40-ы жоғарыда аталған жолмен жасалған.