Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Әлеуметтік желідегі қауіпті маневрлер: Павлодарда үш жүргізуші жауапқа тартылды

Павлодар облысында әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған бірнеше жүргізуші анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құқық бұзушылықтардың барлығы әлеуметтік желілерде жарияланған бейнежазбалар арқылы белгілі болған, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ертіс ауданында Mercedes автокөлігінің жүргізушісі көлік басқару кезінде маневр жасау қағидаларын бұзып, қауіпсіздік белдігін тақпаған. Полиция қызметкерлері бейнежазбаны зерделеп, 23 жастағы жүргізушінің жеке басын анықтады. Ол жасаған құқық бұзушылықтары үшін жауапқа тартылды.

Жыл басынан бері облыста маневр жасау қағидаларын бұзған 3 500 жүргізуші, ал қауіпсіздік белдігін пайдаланбаған 6 790 жүргізушіге шара қолданылған.

Екібастұз қаласында да әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазба полицияның назарына ілікті. Кадрларда Toyota Land Cruiser жүргізушісінің қозғалыс бағытын өзгерту кезінде қауіпті маневр жасап, жол қозғалысының басқа қатысушыларына кедергі келтіріп, авариялық жағдай туғызғаны көрінеді.

Полиция қызметкерлері жүргізушінің жеке басын анықтап, оған қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік шара қолданды.

Бұдан бөлек, Павлодар облысы полиция департаментінің ресми аккаунтының Direct желісіне Lada автокөлігінің жүргізушісі жол қозғалысы ережесін бұзғаны түсірілген бейнежазба келіп түскен.

Кадрлардан жүргізушінің Академик Марғұлан – Толстой көшелерінің қиылысындағы жол айырығына шығу кезінде басқа жол қозғалысына қатысушыларды жылдамдығы мен қозғалыс бағытын өзгертуге мәжбүрлеп, авариялық жағдай туғызғаны анықталған. Жүргізуші анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері авариялық жағдай туғызған жол қозғалысы ережелерін бұзған 500-ге жуық жүргізуші жауапкершілікке тартылған.

Полиция азаматтарға жол бөлігіндегі кез келген маневрді жол жағдайын ескере отырып орындау қажеттігін ескертеді. Жүргізуші қозғалыс бағытын өзгертер немесе жолақ ауыстырар алдында бұрылыс көрсеткішін алдын ала қосып, айналар арқылы жолдағы жағдайды бағалап, өз әрекетінің басқа қатысушыларға қауіп төндірмейтініне көз жеткізуге тиіс.

Жол – әлеуметтік желіге қаралым жинайтын немесе қауіпті маневрлерді көрсететін орын емес. Бір сәттік жауапсыздық орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін.

Әлеуметтік желілерге жүргізілетін мониторинг тұрақты түрде жалғасуда. Бейнежазбаға түсіріліп, анықталған әрбір өрескел құқық бұзушылық назардан тыс қалмайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру