Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы академиясында Рүстем Қайдаровты еске алу іс-шарасы өтті

Алматы академиясында әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаровты еске алу іс-шарасы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы академиясында ішкі істер органдарына еңбек сіңірген қызметкер, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері, профессор, әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаровтың еске алуға арналған іс-шара өткізілді.

Республикалық Генералдар кеңесі қоғамдық бірлестігінің төрағасы генерал Рүстем Қайдаров 2019 жылы желтоқсан айында ұшақ апатынан қаза тапқан болатын. Алматы академиясында оның туған күніне орай ұйымдастырылған кездесуге Қазақстан Республикалық Генералдар кеңесі қоғамдық бірлестігінің өкілдері мен Р. Қайдаровтың туысқандары қатысып, академия тыңдаушылары мен курсанттарына Қазақстан полициясының аңыз адамына айналған генералдың өмір жолынан естеліктер айтты.

Салтанатты кездесуді ашқан ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы академиясының бастығы А. Сайтбеков генерал-майор Рүстем Қайдаровтың ішкі істер органдарына сіңірген еңбегі жайлы баяндады.

– Р. Қайдаровтың қызмет атқарған жылдарындағы жетістіктері – бүгінгі кездесуге келіп отырған болашақ офицерлер үшін үлкен өнеге. Рүстем Қайдаров қатардағы тергеушіден ҚР Ішкі істер министрінің тергеу жөніндегі орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Осы екі аралықта ол ішкі істер органының қаншама маңызды сатысынан өтті. Семей облыстық ІІБ бастығының орынбасары, Жезқазған облыстық ІІБ бастығы, КСРО ІІМ-нің Қазақстан мен Қырғызстандағы Ұйымдасқан қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі аймақаралық басқарма бастығы бола жүріп, заң ғылымына да елеулі үлес қосты. Құқық тәртібі мен заңнамалықты қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі халықаралық және үкіметтік комиссия жұмыстарының белсенді мүшесі болды, – деді академия басшысы А. Сайтбеков.

Кездесуде республикалық Генералдар кеңесі қоғамдық бірлестігі президиумының төрағасы М. Телегусов, оның бірінші орынбасары Б. Сарсеков және Рүстем Қайдаровтың жұбайы Аймен Қайдарова да сөз сөйлеп, тыңдаушылар мен курсанттардың сұрақтарына жауап берді.

Генерал-майор Р. Қайдаровты еске алуға жиналғандар Алматы академиясында ашылған “Р. Қайдаровтың аудиториясында” болып, аудиторияның ашылуынан түсірілген бейнероликті тамашалады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру