Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы көшелерінде қоқыс пен көлік қалдықтарын жою жұмыстары күшейтілді

Алматы көшелерінде қоқыс пен көлік қалдықтарын жою жұмыстары күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласында полиция қызметкерлері жол бойындағы аумақтарда тәртіпті қамтамасыз ету және абаттандыру талаптарының сақталуын бақылау мақсатында нүктелік рейдтік іс-шаралар жүргізуде.

Профилактикалық жұмыстар жол жиегіндегі инфрақұрылым нысандарын қамтиды. Атап айтқанда, техникалық қызмет көрсету станциялары, сауда орындары және өзге де коммерциялық объектілер тексерілуде.

Рейд барысында жол бойында қоқыс үйінділерін жинақтау, апатты және бөлшектелген көлік құралдарын орналастыру, сондай-ақ қаланың санитарлық жағдайы мен сыртқы келбетіне кері әсер ететін өзге де құқық бұзушылықтар анықталуда. Қажет болған жағдайда тиісті күйде емес көлік құралдары арнайы айып тұрағына эвакуацияланады.

Нысан иелері мен әкімшілік өкілдеріне іргелес аумақты талапқа сай ұстау және абаттандыру қағидаларын сақтау қажеттігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

– Қаладағы тәртіп әрбір азаматтың жауапкершілігінен басталады. Абаттандыру талаптарын сақтау – тек заң нормасы ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортаға деген құрметтің көрінісі. Біз аумақтардың ластануына, ретсіз автотұрақтарға және қала келбетіне нұқсан келтіретін өзге де құқық бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында нүктелік рейдтерді тұрақты түрде жүргізіп келеміз, – деді Алматы қаласы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру