Алматы мектептерінде 6 мыңнан астам бейнекамера орнатылған
Алматы мектептерінде 6 мыңнан астам бейнекамера орнатылған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы полициясында мектептердің қауіпсіздік жүйесін тексеру қалай жүргізілгені айтылды. Тексеру қаладағы 214 мемлекеттік және 100 жекеменшік мектепті қамтыды.
– Бұған дейін хабарланғандай, білім беру ұйымдарында білім алушылардың қауіпсіздігін, бейнебақылау жүйелерінің жабдықталуын, қызметкерлер мен келушілерді ескерту құралдарын, дүрбелең түймелерін, қауіпсіздік дабылы мен физикалық қауіпсіздікті тексеру бойынша білім басқармасымен бірлесе отырып, жалпы білім беретін мекемелерді зерттеу бойынша комиссия құрылды. Бүгінгі таңда қала мектептерінде 6739 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді, олардың басым бөлігі жедел басқару орталығымен біріктірілген. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында жүргізілген тексеру қаланың барлық мектептерінде дүрбелең түймелері орнатылғанын және жұмыс істеп тұрғанын көрсетті, – деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Ұзабаев.
Сонымен қатар Е. Ұзабаевтың айтуынша, білім беру мекемелері дабыл жүйесімен жабдықталған, оларда дауыс зорайтқыш жүйесі бар.