Алматы облысында 3 жастағы қыз көлік терезесінен құлап кетті
Алматы облысында үш жастағы қыз көлік терезесінен құлап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әлеуметтік желілерді мониторингілеу кезінде үш жастағы баланың «Hyundai Elantra» автокөлігінен құлап кеткен видеосы жарияланғаны анықталды.
Оқиға ағымдағы жылдың 17 мамырында сағат 10:00-де Алматы облысы Іле ауданы Өтеген батыр кентінде орын алған.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде патрульдік полиция ротасының инспекторлары көлікті басқарған 32 жастағы әйелді ұстады. Құлап кеткен бала көліктің алдыңғы орындығында отырған, сонымен қатар көлікте баланы ұстап тұратын құрылғысы болмағандығы анықталды. Бүлдіршін зардап шеккен жоқ.
«Hyundai Elantra» автокөлігінің жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік іс қозғалды. Баланың анасымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.