Алматы облысында адасып кеткен 3 бала тау шатқалынан табылды
Алматы облысында ойнап жүріп, адасып кеткен балалар тау шатқалынан табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
18 ақпанда сағат 14:35 шамасында Кеген аудандық полиция бөліміне 1976 жылы туған азаматша жеті жастағы екі баланың және тоғыз жастағы бір баланың ойнауға кетіп, оралмағанын айтып жүгінген.
– Балалардың жоғалғаны туралы хабар түсе салысымен бірден іздестіру шаралары ұйымдастырылды. Нәтижесінде сол ауылдық округке жауапты учаскелік полиция инспекторы С.Баянбекұлы мен ЖПҚБ ювеналды полиция тобының инспекторы Ж.Малибеков сағат 15:30 шамасында балаларды тау шатқалында ойнап жүрген жерлерінен тауып, анасына табыстады. Балалардың ойнап жүріп, тау ішіне кіріп, адасып кеткендігі белгілі болды. Ювеналды полиция тобының қызметкерлері балалардың анасымен профилактикалық бағыттағы түсіндіру жұмыстарын жүргізді, – деді Кеген аудандық полиция бөлімінің бастығы Ерлік Үркімбаев.
Өз кезегінде балаларымен қауышқан ата-ана тәртіп сақшыларына шын жүректен алғыстарын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.