Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысының полицейлері браконьерден 90 келіден астам сазан тәркіледі

Алматы облысында полицейлер браконьерден 90 келіден астам сазан тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Балқаш ауданының табиғатты қорғау полицейлері облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының өкілдерімен бірлесіп, “Браконьер” жедел-алдын алу іс-шарасы барысында Балқаш көлінде заңсыз балық аулап жүрген 33 жастағы жігітті ұстаған. Тергеу барысында оның Қарағанды облысы Балқаш қаласының тұрғыны екені анықталды.

– Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабына (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу) сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Күдіктіден 90 келіден астам сазан тәркіленді. Сонымен қатар, браконьердің елімізде тыйым салынған пластикалық ауды пайдаланғаны әшкереленді. Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу дерегі бойынша іс материалдары жақында сот қарауына жолданады, – деді Балқаш ауданының ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Азамат Абдрахманов.

Табиғат қорғаушылардың есебіне сәйкес, күдікті мемлекетке 350 мың теңгеге жуық материалдық залал әкелген. Полиция өкілінің айтуынша, тәркіленген пластикалық аулар жойылады, ал балықтар арнайы қабылдау орындарына өткізіледі. Одан түскен қаражат мемлекет пайдасына аударылмақ.

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру