Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында полиция қызметкерлері қылмыстық топ мүшелерін құрықтады

Алматы облысында 4 адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Биылғы жылдың қыркүйек айының соңында Алматы облысының Полиция департаментіне Қапшағай қаласының 35 жастағы екі тұрғыны олардан ірі көлемде ақша қаражатын бопсалаған адамдар тобы туралы арызданған.

Күдіктілер арызданушылардың біреуінен 400 000 теңге, екіншісінен 240 000 теңге алып, тағы 600 АҚШ долларын беру керектігін айтып, бопсалауларын жалғастырған.

Аталған дерек ҚР ҚК 194-бабы 2-бөлігі (Қорқытып алу) бойынша тіркелді.

“Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Қапшағай қаласының 35, 34, 32 және 31 жастағы төрт тұрғыны ұсталды. Қазіргі уақытта төрт күдікті де қамауға алынды. Бопсалаушылар тобының ұйымдастырушысы бұрын да осындай әрекеті үшін екі рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған және 2003 жылы 3 жылға, ал 2008 жылы 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Бұл қылмыстардың алдын-ала дайындалғандығы анықталды. Қылмыстық жауапкершіліктен жалтару үшін айыпталушылар өздерінің қылмыстық әрекеттерін қарызды қайтару туралы талап деп түсіндірген”,- деп хабарлады Алматы облысының ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Асхат Данияр.

Жәбірленушілер полицейлерге  кәсіби шеберліктері мен қауіп-қатерден арылуға көмек көрсеткені үшін алғыстарын айтып, тәртіп сақшыларының азаматтарды зорлық-зомбылықтан қорғауда белсенді  қызмет көрсеткенін атап өтті.

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру