Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында жасөспірім қыз анасының ақшасын ұрлап, үйден қашып кеткен

Алматы облысында анасына ренжіп, үйден кетіп қалған жасөспірім қыз табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

11 қазанда Еңбекшіқазақ АПБ Шелек полиция бөліміне Шелек ауылының 39 жастағы тұрғыны 14 жастағы қызының жоғалғаны туралы арызданған.

Аталған дерек бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын бастаған полицейлер 9 қазан күні анасының қызын оқығысы келмейтіні, үйді жинамағаны және үлкен қызы ретінде көмектеспегені үшін ұрғанын анықтады.

Анасына ренжіген жасөспірім 11 қазанда үйден кетіп бара жатып, анасының сөмкесінен жиһаз сатып алуға дайындалған 308 000 теңгені алып, жалғыз өмір сүргісі келетіндігі туралы жазба қалдырып, үйден қашып кеткен.

Қарқынды іздестіру шараларының нәтижесінде полицейлер жасөспірімнің Алтын Орда базарының жанынан екі аптаға пәтер жалдағанын анықтады.

Алайда жалға алынған пәтерде жасөспірім жоқ болған, әрі қарай іздестіру жұмыстарын жалғастыру кезінде Алматы қаласының саябақтарының бірінен жасөспірім табылып, одан жұмсалмаған 131 000 теңге көлеміндегі ақша алынған.

Қызы мен ақшасын қайтарған полиция қызметкерлеріне қыздың ата-анасы шын жүректен алғыстарын айтты.

Полицейлер анасынан кешірім сұраған қызға қатысты, бұған дейін оның тәртіп сақшыларының назарына түспегенін ескере отырып, профилактикалық әңгіме жүргізумен шектелді.

Анасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабының 3-бөлігі (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы мәселе шешілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру