Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында жастарға арналған ауқымды форум ұйымдастырылды

Талғар ауданында "Заң мен тәртіп" қағидасы аясында "Жастар үні – әділетті қоғам үшін" тақырыбында жастар форумы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл шараның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауатын көтеріп, заңға деген құрметін қалыптастыру болды.

Іс-шараны өңірлік полиция департаментінің есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңесі мен Жастар ресурстық орталығы бірлесіп ұйымдастырды. Форумға 500-ге жуық жас жиналып, құқықтық мәдениет, құқық бұзушылықтың алдын алу, есірткі қылмысы, киберқылмыс және діни экстремизм секілді өзекті тақырыптар кеңінен сөз болды.

Жиынға мемлекеттік органдардың, полиция мен прокуратураның, сондай-ақ психолог мамандардың өкілдері қатысып, жастардың құқықтық санасын арттыру, интернеттегі қауіпсіздік, зиянды әдеттердің алдын алу жайында ой бөлісті. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауап алды. Сонымен қатар танымал спортшылар салауатты өмір салтын насихаттап, жастарды жақсы әдеттерге шақырды.

Форум аясында "Заң мен тәртіп" тақырыбында сурет көрмесі ұйымдастырылып, үздік жұмыстар марапатталды. Кинолог мамандар қызметтік иттермен арнайы көрсетілім көрсетіп, көрермендердің қызығушылығын арттырды.

Шара соңында қатысушылар заң мен тәртіпті сақтау – әрбір азаматтың ортақ борышы екенін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру