Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысының тәртіп сақшылары барымташыны ұрлық үстінде ұстап, қолды қылған үйір жылқыны қайтарды

Алматы облысының тәртіп сақшылары барымташыны ұрлық үстінде ұстап, қолды қылған үйір жылқыны қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы облысы Кербұлақ ауданының полицейлері арнайы шара барысында өзгенің жылқыларын ұрлап бара жатқан барымташыны қолға түсірді. Қылмыс үстінде ұсталған күдіктінің алдындағы мал тәркіленіп, заңды иелеріне қайтарылды.

– 51 жастағы күдікті қылмыс үстінде ұсталып, айдап бара жатқан 5 жылқысы тәркіленді. Жайылымда жүрген үйір жылқыны түнде қолды қылған ол мал иесіне 2 миллион теңгеге жуық материалдық шығын келтіргені анықталды. Алдын ала тергеу барысында күдіктінің бұған дейін де бірнеше рет сотты болғаны белгілі болды. Күдікті сотқа дейінгі тергеу амалдары аяқталғанға дейін уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды, – деді Кербұлақ ауданы Полиция бөлімінің бастығы Ербол Ахметқалиев.

Тәртіп сақшылары мал ұрлығын кәсіп қылған барымташының аймақтағы осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы барын тексеріп, басқа аудандарда да мал ұрлағанын әшкерелеген.

– Бұлтартпас айғақтар арқасында күдікті тұлғаның жыл басында Көксу ауданында орын алған үш жылқының қолды болуына қатысы бар екені дәлелденді. Ол қылмыстық топ құрамында үш жылқы ұрлағанын мойындады. Оның басқа да мал ұрлықтарына қатыстылығы тексерілуде,- деп атап өтті Ахметқалиев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру