Алматы жастарына отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық пен сталкинг бойынша құқықтық жауапкершілік түсіндірілді
Алматы жастарына отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық пен сталкинг бойынша құқықтық жауапкершілік түсіндірілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде полиция қызметкерлері мен студент жастардың кездесуі өтіп, онда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды.
Іс-шара барысында қатысушыларға қолданыстағы заңнама талаптары жан-жақты түсіндіріліп, сталкингке қатысты енгізілген жаңа нормалар, сондай-ақ тұлғааралық қарым-қатынастағы өзге де құқыққа қайшы әрекеттер үшін қарастырылатын жауапкершілік жөнінде толық ақпарат берілді.
Кездесу барысында жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, қарым-қатынастағы рұқсат етілген мінез-құлық шекарасын айқындау және болашақ отбасылық қатынастардағы өзара сыйластықтың маңызын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Полиция қызметкерлері жас буынның қоғамның негізгі тірегі екенін атап өтіп, олардың құқықтық сауаттылығы мен саналы көзқарасы болашақ отбасы институтының тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне тікелей ықпал ететінін жеткізді.
— Бүгінде құқық бұзушылықтарға тек әрекет ету ғана емес, олардың алдын алу да аса маңызды. Біз жастармен ашық форматта жұмыс жүргізіп, жауапкершілік, жеке шекара және сыйластық қағидаттарын түсіндіреміз. Сталкингке қатысты жаңа нормаларда адамның мазасын алу, аңду, психологиялық қысым көрсету немесе бақылау жасау әрекеттері қамқорлық емес, керісінше заң бұзушылық екені нақты айқындалған. Біздің міндет — осы түсінікті әрбір азаматтың санасына жеткізу. Себебі болашақ отбасы сенім мен қауіпсіздікке негізделуі тиіс, — деді Алматы қаласы ПД Бостандық аудандық полиция басқармасының бастығы Дидар Аханов.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, студенттер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, нақты өмірлік жағдайлар бойынша құқықтық түсіндірмелер алды.
