Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда автотұрақтан ұрланған көлік табылды

Алматыда автотұрақтан ұрланған көлік Өскеменнен табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

24 тамызда Т.есімді азаматша Бостандық аудандық полиция басқармасына жүгінді. Оның айтуынша, белгісіз адамдар күйеуіне тиесілі Toyota Land Cruiser 200 көлігін автотұрақтан ұрлап кеткен.

Аталған дерек ҚР ҚК-нің 188-бабы 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Тергеу және іздестіру іс-шараларының барысы Ішкі істер министрі мен Алматы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынды.

– Бұл қылмысты ашу мақсатында жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел шаралардың нәтижесінде қылмыс ашылды. Бұрындары ауыр қылмыс жасағаны үшін бірнеше рет сотталған, Шығыс Қазақстан облысының тумасы – 34 жастағы Т.есімді азамат ұсталды. Оның сыбайластарымен бірге қылмысқа тыңғылықты дайындалғандығы анықталды: олар бірнеше күн бойы назарларына алған жол талғамайтын көліктің жүру бағытын қадағалап, ұрлық жасауға қолайлы жерді тапқан. Сот санкциясымен күдікті қамауға алынды, – деді Алматы қалалық ПД Тергеу басқармасының бастығы Мұхамедәлі Сейсенұлы.

Сонымен қатар, ұрланған көлікті сатып алушы да анықталды, оған Т.есімді азамат сәлден соң көліктің нөмірлері мен құжаттарын әкеліп беруге уәде берді. Қаскөй бұл көлікті нарықтағы бағасынан үш есе арзанға сатып жіберген. Ұрланған көлік Өскемен қаласынан табылды.

– Көлік Алматыға жеткізілді және иесіне табысталды. Қазіргі уақытта қылмысқа басқа да қатысушыларды анықтауға және оларды одан әрі ұстауға бағытталған кешенді жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр, – деді Сейсенұлы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру