Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда азаматтардың цифрлық қауіпсіздігі мәселелері талқыланды

Алматы қаласы полиция департаменті мен Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының Қоғамдық даму орталығы бірлесіп жүзеге асырып жатқан "Заң және Тәртіп" жобасы аясында интернет-алаяқтық пен киберқауіпсіздік мәселелеріне арналған кезекті тақырыптық подкаст жазылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Бағдарлама Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында әзірленіп, тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыруға және киберқылмыстардың алдын алуға бағытталды.

Подкаст барысында қатысушылар интернет-алаяқтықтың кең таралған схемаларын, жеке деректерді қорғау тәсілдерін, киберқылмыстардың алдын алу шараларын, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын заңсыз мақсатта пайдалануға байланысты туындап отырған жаңа қауіп-қатерлерді талқылады.

Әсіресе фишингтік шабуылдардың көбеюі, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер, онлайн сатып алулар мен инвестициялық ұсыныстарды пайдаланып жүзеге асырылатын алдау тәсілдері кеңінен сөз болды.

Алматы қаласы полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Еркебұлан Қойшыбаевтың айтуынша, киберқылмыстардың орын алуына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – азаматтардың жеткілікті деңгейде ақпараттандырылмауы және цифрлық ортадағы артық сенімшілдігі.

- Интернет-алаяқтықтың басым бөлігі әлеуметтік инженерия әдістеріне негізделген. Қаскөйлер жүйені емес, адамның өзін "бұзады". Сондықтан ең тиімді қорғаныс – қырағылық, сыни ойлау қабілеті және цифрлық гигиена қағидаларын сақтау, – деді ол.

Сарапшылар алаяқтық схемалардың жұмыс істеу тетіктерін, киберқылмыстар үшін көзделген құқықтық жауапкершілікті және жеке деректерді қорғаудың практикалық жолдарын жан-жақты түсіндірді.

Полиция азаматтарды сақтық танытуға, күмәнді сілтемелерге өтпеуге, бөгде адамдарға банк карталарының деректерін, растау кодтарын және өзге де құпия ақпаратты бермеуге шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру