Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда балалардың жол қауіпсіздігіне бағытталған жұмыс жүріп жатыр

Алматы қаласында 3-7 маусым аралығында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған "Жолдағы балалар" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара аясында полиция қызметкерлері білім беру ұйымдарының маңы, тұрғын үйлер аулалары және жаяу жүргіншілер көп шоғырланатын аумақтарда патрульдік бақылауды күшейтті. Сонымен қатар балалар мен олардың ата-аналарына жол қозғалысы ережелерін сақтау және қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Жазғы демалыс кезеңінің басталуымен балалардың көшеде өткізетін уақыты артады. Осыған байланысты жол-көлік оқиғаларына ұшырау қаупі де жоғарылай түседі. Полиция ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырады.

Алматы қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаевтың айтуынша, жолдағы балалардың қауіпсіздігі – баршаға ортақ жауапкершілік.

— Жазғы демалыс кезінде ата-аналар балалардың бос уақытын бақылауда ұстап, жол қозғалысы ережелерін үнемі еске салып отыруы қажет. Ал жүргізушілер мектептер мен тұрғын үй аулаларында, жаяу жүргіншілер өткелдерінде барынша мұқият болуы тиіс. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек бірлескен күш-жігердің нәтижесінде мүмкін болады, - деді ол.

Алматы полициясы жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысына қатысушылар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағытындағы профилактикалық жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыратынын мәлімдеді.

Тәртіп сақшылары азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға және балалар қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру