Алматыда болған оқиғаларды полицей қыз өлеңмен баяндады
Алматыда болған оқиғаларды полицей қыз өлеңмен баяндады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл шығарманың авторы – Бостандық аудандық ПБ ювеналды полиция бөлімінің инспекторы Динара Мағзұмова.
- Менің жолдасым да полиция қызметкері. Бес күн бойы тәртіпсіздіктер мен полиция ғимараттарына жасалған лаңкестік әрекеттердің жолын кесуге қызмет етті. Біз - жас отбасымыз. Шынымды айтсам, мен ол үшін қатты уайымдадым. 4 қаңтарда бүкіл жеке құрам қызметкерлері арнайы дабылмен шақырылғанда мен асығыс ұялы телефоныма төрт шұмақ өлеңімді теріп, жолдасымды қолдау үшін жібердім. Біраз уақыттан кейін “Кең байтақ – рухты ел қазақ даласы!” деп осы шығарманы жаздым, – дейді аға лейтенант Мағзұмова.
Динараның айтуынша, ол бала кезінен өлең жазады. Жинаққа шығаруға шығармашылық материал жиналып қойған.
- Бірақ бұл болашақтың еншісінде. Ал әзірше мен өзімді елдің амандығы мен азаматтардың қауіпсіздігі жолында жұмыс істеуге арнадым, - деді полиция инспекторы.