Алматыда есірткі «қойып кетуші» қылмыс орнында ұсталды
Алматыда есірткі «қойып кетуші» қылмыс орнында ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Әуезов ауданының полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 19 жастағы У. есімді азамат ұсталды. Ол ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігінде (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген күдікке ілінді.
– Сотқа дейінгі тергеу барысында күдікті біздің аудан аумағында психотроптық зат – мефедрон салынған байламдарды тығып кетіп жүргендігі анықталды. Тінту кезінде күдіктіден ерекше иісі бар, ұнтақ тәрізді 15 оқшауланған бума табылды және тәркіленді, – деді Әуезов аудандық Полиция басқармасының бастығы Ұлан Әбілқайыр.
Күдікті өзінің барлық қозғалысын телефонындағы арнайы қосымшаға жазып отырған. Бұл – оның «іс-әрекетінің» басты дәлелі болды. Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеушілер бірқатар арнайы сараптамалар тағайындады, қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.