Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда ҚАЖ департаментінің жас мамандары салтанатты түрде ант қабылдады

Алматы қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің жеке құрамы Қазақстан полициясы күнін салтанатты түрде атап өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Тәртіп сақшыларының төл мерекесінде сөз сөйлеген департамент бастығы Ерлан Ұзақов жеке құрамды мерекемен құттықтап, олардың жауапты жұмыстарына табыс тіледі.

– Қазақстан полициясы күні – біз алдыңғы буын ардагерлерге тағзым етіп, қаза болған әріптестерімізді еске алатын күн. Қазақстандағы қылмыстық-атқару саласына елеулі еңбек сіңірген ардагерлеріміздің еңбек жолы бүгінгі жас ұрпаққа өнеге болуда. Сондай-ақ Отан алдында қабылдаған анттарына адал болған ерлердің есімі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады, – деді Е.Ұзақов.

Төл мерекеге арналған жиында қызмет барысында үздік жетістікке жеткен қызметкерлер марапатталды. Атап айтқанда пробация қызметінің аға инспекторы Гүлзат Мустафаева арнайы атағынан бір саты жоғары шен алса, бірқатар қызметкер "Қылмыстық-атқару жүйесінің үздігі", "Қылмыстық-атқару жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін" медалін және ішкі істер министрлігінің, қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің алғыс хаттарын иеленді.

Департамент бастығы үздік қызметкерлердің ата-аналарына да алғыс хат табыстап, оларға қоғамға лайықты ұл-қыз тәрбиелегендері үшін алғыс айтты.

Салтанатты жиынға Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің ардагерлері Е.Ақылжанов, М. Тұяқбаев қатысып, жеке құрамды мерекемен құттықтай отырып, оларға антқа адал болуды аманаттады.

Полиция күні мерекесінде қызметке жаңадан қабылданған жас мамандар ант қабылдап, Отанға адал қызмет етуге серт берді.

Салтанатты жиын соңы мерекелік концертке ұласты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру