Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда сотталғандар ҚР Елтаңбасының авторымен онлайн кездесті

Алматыда түзеу мекемелеріндегі сотталғандар мерекеге орай ҚР Елтаңбасының авторымен онлайн кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

4 маусым – Қазақстан Республикасының Рәміздер күні. Елімізде 2007 жылдың 4 маусымынан бері мерекеленіп келе жатқан бұл күнді Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты мекемелердегі сотталғандар онлайн түрде атап өтті.

Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті ұйымдастырған кездесуге ҚР Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков қатысып, қатысушыларға Елтаңбаны жасау барысында кездескен қиындықтар мен кедергілер, ізденістер туралы кеңінен әңгімелеп берді. Сонымен қатар Ж.Мәлібеков Елтаңбадағы әрбір бейненің мәнін түсіндіріп, сотталғандарға Елтаңбаның тарихи мазмұнын баяндап берді.

– Қазақ халқы – ұрпағына ұлағат болар салт-дәстүрге бай халық. Мен Елтаңба арқылы сондай халқымның тарихын, салт-дәстүрін, қазақи болмысын көрсетуге тырыстым. Өкінішке орай қазір мемлекеттік рәміздер өз деңгейінде ұлықталмай келеді. Сондықтан біз бүгінгі жас ұрпаққа елдің арман-мұраты, елдігінің нышаны болған рәміздерді қастерлеуді насихаттауымыз керек, – деді Елтаңба авторы.

Кездесу барысында сотталғандар Өэбекстан мен Қазақстанға танымал сәулетші, “Құрмет” орденінің иегері Жандарбек Мәлібековтың сәулетшілік жетістіктеріне қанығып, келелі әңгімесін қызыға тыңдады.

Онлайн кездесу барысында қарт сәулетші жазасын өтеушілердің сұрақтарына жауап беріп, әңгіме мазмұнын байыта түсті.

– Біздің ҚАЖ департаментіне қарасты ЛА-155/18 (тергеу изоляторы), ЛА-155/13 (қоныс колониясы) және ЛА-155/6 (балалар колониясы) түзеу мекемелеріндегі сотталғандар осындай ұлық мереке кезінде Елтаңба авторымен онлайн болса да бірінші рет бетпе-бет кездесті. Мемлекеттік рәміздерді қастерлеудің маңыздылығын жете түсінген сотталғандар да онлайн кездесуге келген Елтаңба авторына ризашылықтарын білдірді. Бұл кездесу сотталғандардың болашақта еліміздің рәміздерін қастерлеуге деген патриоттық сезімдерін арттырып, бостандыққа шыққан соң жарқын жолды таңдауларына ықпал етеді деген сенімдеміз, – дейді департамент бастығының орынбасары Ерлан Ұзақов.

Егемендігіміздің айқын негіздері – Мемлекеттік рәміздер мерекесі Қазақстандағы маңызды мерекенің бірі. Өйткені бұл мереке еліміздің Тәуелсіздігі мен тарихын айқындайтын мереке.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру