Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақбөкендердің мүйізін кесіп алғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады

Қарағанды облысының полицейлері ауа райының қолайсыздығы салдарынан қырылып жатқан ақбөкендердің мүйізін кесіп алатындар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жыл басынан бастап Қарағанды облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Қарағанды облыстық инспекциясымен бірлесіп, ақбөкендерді қорғау және олардың жағдайына мониторинг жұмыстарын жүргізуді күшейтті. Бұл жұмыстар соңғы кездері ақбөкендердің елдімекендер мен автожолдарға жақын жүруіне байланысты қолға алынып отыр.

Желтоқсан айынан бастап ақбөкендер күйлеу кезеңінен кейін әлсіз күйде. Сондықтан олар заңсыз аң аулаушылардың да назарына ілініп отырғаны жасырын емес. Сондай-ақ ақбөкендердің қатты аяз бен қалың қардың салдарынан өліп жатқандары да жоқ емес.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері Қарағанды облысының аумағында Охотзоопром қызметкерлерімен бірлесіп, ақбөкендерді қорғау бойынша рейдтік іс-шаралар өткізуде.

Мәселен, 8 қаңтар күні Нұра ауданының аумағында Қарағанды облыстық Полиция департаменті және Охотзоопром қызметкерлерімен жүргізілген рейд барысында Нұра ауданынан бес шақырым жерде атылған белгілері жоқ бес ақбөкеннің өлі денесі табылды.

12 қаңтар күні Қарқаралы аудандық полиция бөліміне Солтүстік-Шығыс аңшылық шаруашылығынан ауданға қарасты елдімекендердің бірінен 10 шақырым жерде үш ақбөкеннің өлі денесі табылғандығы туралы хабарлама түсті. Аталған фактіні тексеру барысында полиция қызметкерлері тағы 14 ақбөкеннің өлі денесін тапты. Табылған ақбөкендердің барлығы аталық болып  табылады, олардың денесінде атылған оқ іздері жоқ, сондай-ақ мүйіздері кесілмеген болды.

Алайда бірқатар азаматтардың тарапынан осыны пайдаланып, өлі ақбөкендердің мүйіздерін кесіп, терілерін сыпырып алу фактілері де жоқ емес. Олардың осы әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 339-бабымен (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) көзделген қылмыстық құқық бұзушылық екенін және аталған баптың санкциясымен осындай құқық бұзушылық жасағаны үшін үш жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін естеріңізге саламыз.

Мәселен, 35 жастағы облыс тұрғыны автокөлігімен жол шетінде әлсіреп жатқан ақбөкенді соғып алған. Ақбөкенге аяушылық танытып, құқық қорғау органдарына хабарлаудың орнына аталған азамат оның мүйізін кесіп алып жөніне кеткен. Алайда ол полиция қызметкерлерінің құрығына түсіп, одан мүйіздер тәркіленіп алынды. Қазіргі уақытта аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 339-бабына (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Полиция қызметкерлері облыс тұрғындарына әлсіз немесе өлген ақбөкендерді көрген жағдайда бірден жақын маңдағы полиция бөлімдеріне хабарлауды сұрайды. Сондай-ақ ақбөкендерге қатысты заңға қайшы әрекет жасаған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылатынан ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру