Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысы ПД-нің бастығы мал ұрлығының алдын алу бойынша кеңес өткізді

Ақмола облысы ПД-нің бастығы мал ұрлығының алдын алу бойынша кеңес өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

15 қазанда Полиция департаментінің бастығы А. Баймурзин Ақмола облысы әкімінің орынбасары Г. Әбдіқалықовпен бірлесіп, ауыл шаруашылығы және Ветеринария басқармасы, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті, Мемлекеттік инспекция комитеті басшыларының қатысуымен мал ұрлығының алдын алу бойынша өзара іс-қимыл туралы кеңес өткізді.

Іс-шараға аумақтық бөлімшелердің бастықтары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері онлайн-режимде қатысты.

Полиция ведомствосының басшысы өткен жылдан бастап Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев мал ұрлығының алдын алу туралы мәселені көтеріп келе жатқанын атап өтті. 2020 жылғы ақпаннан бастап қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізілді, “Мал ұрлығы” деген жеке бап енгізілді, осындай қылмыстарды жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді.

Ағымдағы жылы мал ұрлығының 118 фактісі тіркелді. 2021 жылдың наурызында Ақмола облысының мәслихаты ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін бекітті, оларды учаскелік полиция инспекторлары және әлеуметтік желілер арқылы халыққа жеткізеді. Мал жаю ережелерін сақтамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы (Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Ағымдағы жылы 3,5 мың мал басы иелері қараусыз қалған мал үшін жауапкершілікке тартылды. Облыс аумағында 3 мыңға жуық қараусыз мал қамалды.

– Республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың бойында жайылып жүрген қараусыз мал ЖКО себептерінің бірі болып табылады. Соңғы 6 жылда үй жануарларының жолға шығуына байланысты 49 апатта 5 адам қаза тауып, 74 адам ауыр жарақат алды, – деп атап өтті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы С. Баймұқанов.

Ауылдық жерлердегі мал негізгі табыс көзі болып табылады. Мал жоғалған жағдайда азаматтар бізге жиі жүгінеді. Алайда көбінесе мал иелерінің құжаттары, ветеринариялық паспорттары жоқ. Осыған байланысты мал иелері жануарларды бірдейлендіру үшін таңбалау және ен салу жүргізуі қажет. Малды тасымалдау кезінде ветеринариялық анықтама қажет, малды мал базарларына жеткізу кезінде мұндай анықтаманың болуы міндетті.

Кеңес барысында ақмолалық полиция басшысы күзгі-қысқы кезеңнің басталуына байланысты жергілікті атқарушы органдар мен ветеринарлық қызмет өкілдерімен бірлесіп мал мен етті сату және өткізу орындарына ауқымды жұмыс жүргізуді, қараусыз жайылып жүрген мал иелеріне қатысты шаралар қабылдауды, мал мен ет тасымалданатын автокөлікке мұқият тексеру жүргізуді ұсынды. Бұл ретте заңсыз тасымалданатын мал мамандандырылған қораларға қамалады, ал жүргізушілер ҚР ӘҚБтК 406-бап (Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу) бойынша жауапқа тартылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру