Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысында қызметтік иттердің көмегімен ұрлық фактісі ашылды

Ақмола облысында қызметтік иттердің көмегімен ұрлық фактісі ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Төрт аяқты полиция көмекшілері қылмыстарды ашуға айтарлықтай көмек көрсетеді. Олардың иісшілдігінің арқасында биыл 47 қылмыс ашылды.

Ақкөл ауданының полиция бөліміне Ақкөл қаласының 60 жастағы тұрғыны 7 наурызға қараған түні белгісіз адам аулаға кіріп, Volkswagen Passat автокөлігінен аккумулятор ұрлағаны туралы арызбен жүгінді. Залал сомасы 32 мың теңгені құрады. Ақмолалықтың айтуынша, автокөлік аулада тұрған және құлыпталмаған. Ер адам дүкенге барғалы тұрған кезде аккумулятордың жоғалуын анықтады.

Оқиға орнына полиция қыметкері Дәукенов Абылайхан және қызметтік-іздестіру иті Герда бар жедел-тергеу тобы келді. Ұрлық орнында аяқ киімнің иісі алынып, неміс овчаркасы полицейлерді көрші көшедегі үйлердің біріне апарды. Аумақты тексеру барысында үйдің ауласында қарға көмілген аккумулятор табылды. Бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған 32 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

– Мен Гердамен бір жылдай уақыт жұмыс істеймін. Өткен жылы оның көмегімен бірнеше пәтер ұрлығы анықталды, – деп бөлісті Абылайхан Ержанұлы.

Тағы бір ұрлық 7 наурызға қараған түні Зеренді ауданының Еленовка ауылында жасалды. Мұнда Брайт тәртіп сақшыларына көмекке келді. Дүкеннен азық-түлік ұрлығы жасалғаны туралы арызбен Зеренді ауданының полиция бөліміне 36 жастағы кәсіпкер жүгінді. Ол 7 наурызға қараған түні белгісіз адам дүкенге терезені сындырып кіріп, тауарлық-материалдық құндылықтарды ұрлап кеткенін айтты.

Оқиға орнын тексеру барысында дүкеннің жанынан аяқ киімнің іздері табылды. Ізді алған Брайт полиция старшинасы Шындаулетов Дамирдің басшылығымен тәртіп сақшыларын Қарағай көшесіндегі үйлердің біріне алып келді. Полиция үй иесімен сөйлесіп жатқанда, Брайт үйдің артқы жағынан іздері дүкеннің жанынан табылған аяқ киімді алып келді. Бұрын сотталған 20 жастағы Еленовка ауылының тұрғыны ұрлық жасағанын мойындап, полицейлерді көріп, етіктерін аулада жасырғанын айтты.

Осы дерекке сәйкес ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Қазіргі уақытта ауыл тұрғынының осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр.

– 7 айлық жасында Брайтпен алғашқы сабақтарды өткізе бастадым. Бұл шығыс еуропалық овчарка. Күнделікті жаттығулар нәтиже берді. Брайт өте ақылды ит, – дейді Дамир.

Полиция қызметкері мен қызметтік иттер екі ұрлықты да “ізін суытпай” ашты. Облыс бойынша күн сайын тәртіп сақшыларымен бірге қызметке 40-тан астам қызметтік ит қатысады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру