Ақмолада абаттандыру ережелерінің 3 мыңнан астам бұзушылығы анықталды
Ақмолада абаттандыру ережелерінің 3 мыңнан астам құқық бұзушылығы анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ғимараттардың көріксіз қасбеті, бітелген іргелес аумақтар кез-келген елді мекеннің көрінісін бұзып қана қоймай, санитарлық жағдайға да әсер етеді.
Алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері халықпен, ПИК төрағаларымен, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен, қоқыс жинауды жүзеге асыратын кәсіпорындардың басшыларымен тұрақты негізде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Жалпы, 2023 жылдың басынан бастап Ақмола облысында ғимараттардың қасбеті мен іргелес аумақтарды тиісінше ұстамағаны, ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы (Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) бойынша қоқысты уақытылы шығармағаны үшін 27 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұдан басқа, өткен кезеңде облыс бойынша абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін ескерту түрінде 3 мың 134 әкімшілік хаттама құрылды.
Естеріңізге сала кетсек, ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабына (Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) сәйкес, қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру ережелерін бұзу жеке тұлғаларға – 20 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне –40, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға немесе ескерту жасауға әкеп соғады.