Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмолалық полицейлер мас күйде көлік жүргізген жасөспірімді анықтады

Ақмолалық полицейлер мас күйде көлік жүргізген жасөспірімді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Балалар құқығын бұзу фактілерін анықтау, балалар еңбегін пайдалану, балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу, көңіл көтеру орындарында және тұрғын үйден тыс жерлерде тәуліктің кешкі және түнгі уақытында кәмелетке толмағандарды анықтау мақсатында облыс аумағында 27-29 маусым аралығында “Түнгі қаладағы балалар” республикалық алдын алу іс-шарасы өткізілді.

Жедел алдын алу іс-шарасын өткізуге мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, жұртшылық пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Үш күн ішінде облыста 323 саяжай мен саяжай шаруашылықтары, 407 фермерлік және шаруа қожалықтары, 550 жертөле және шатыр үй-жайлары, 213 автожуу және автожанармай құю станциялары, 41 теміржол және автобус вокзалдары, 297 көңіл көтеру орындары, 50 компьютер салондары және өзге де орындар тексерілді. 243 құқық бұзушылық анықталды. Мәселен, балалардың түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін кәмелетке толмағандардың 187 заңды өкілі жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, 10 жасөспірім алкогольдік ішімдік ішкені үшін ІІО-ға жеткізілді.

Атап айтқанда, 28 маусымға қараған түні Астрахан ауданының Новый Колутон ауылында рейдтік іс-шаралар өткізу кезінде учаскелік полиция инспекторлары кәмелетке толмаған бала мас күйінде басқарған ГАЗ-53 көлігін тоқтатты. Тексеру барысында жасөспірім Бұланды ауданының тұрғыны екені анықталды, кешкі уақытта ағасымен бірге көлге келіп, кейін дала жолымен үйіне қайтып келе жатып, Новый Колутон ауылына жанармай құю үшін бұрылған, сол жерде полиция қызметкерлерімен тоқтатылды.

Медициналық куәландырудан өткеннен кейін, кәмелетке толмаған баланың ата-аналарына ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабының 2-бөлігіне және ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік сипаттағы шаралар қабылданды.

Сонымен қатар, 5 кәсіпкер кәмелетке толмағандардың сағат 22.00-ден кейін ойын-сауық мекемелерінде болуына жол бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құқық бұзушыларға ойын-сауық мекемелерінде балалардың қатысуымен болуы мүмкін конфликтердің, қылмыстық, кейде жазатайым оқиғалардың салдары мен сценарийлері түсіндірілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру