Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтаулық полицейлер коменданттық сағат кезінде жаңа босанған әйелге көмектесті

Ақтаулық полицейлер коменданттық сағат кезінде жаңа босанған әйелге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Маңғыстау облысында төтенше жағдай режимі енгізілуіне байланысты 19 қаңтарға дейін сағат түнгі 23:00-ден таңғы 07:00 аралығында коменданттық сағат белгіленген. Бұл уақыт аралығында азаматтардың тұрғын үйден тыс жерде, қала көшелерінде болуына тыйым салынады.

16 қаңтар күні таңғы сағат 04:00 шамасында 14 шағын аудан пәтерлерінің бірінде жедел жәрдем келгенше дейін сәби дүниеге келген. Жаңа туған ананы зембілмен үшінші қабаттан түсіру үшін қол көмек қажет болған. Осылайша, көмекке шақырылған туысы жол бойында коменданттық сағат ережесін бұзғаны үшін көлігін тоқтатқан жол сақшыларынан көмек сұрады.

Ақтау қаласы ПБ Патрульдік полиция батальонының “Мираж-4” жасағы бірден ер адам айтқан мекенжайға аттанды.

Полиция қызметкерлері Самат Әмір мен Жеңіс Оспанов пәтерге кіріп, әйелді зембілде көтеріп-түсіруге және жедел жәрдем көлігіне жеткізуге көмектесті.

Келесі күні әйелдің туыстары әлеуметтік желілер арқылы полиция қызметкерлеріне алғыстарын жолдады.

– Қазір ана мен баланың жағдайы жақсы. Сол түні коменданттық сағат режиміне қарамастан, жағдайды көріп-білгендіктен, тәртіп сақшылары жедел жәрдем көлігінің артынан ауруханаға біздің де еріп баруымызға рұқсаттарын берді. Жағдайымызға кіріп, жәрдемдескен полиция қызметкерлеріне отбасымыздың атынан алғысымызды білдіреміз, – деп алғыс білдірді Еділхандар отбасы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру