Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе колонияларында сотталғандардың арыз-шағымын терминалмен қабылдайды

Ақтөбе колонияларында сотталғандардың арыз-шағымын терминалмен қабылдайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық- атқару жүйесі департаментіне бағынысты КА-168/1 мекемесінде сотталғандардың шағымдары мен өтініштерін саусақ таңбасының көмегімен құзырлы органдарға жөнелтетін терминалдар орнатылды.

Құзырлы орындарға жөнелтілген сотталғандардың шағымдары үш күнде қаралып, жауап беріледі.

– Сотталғандардың шағымдары терминал арқылы автоматты түрде прокурорға және қылмыстық қудалау органдарына жолданады. Ал, азаптау туралы шағымдар түскен жағдайда сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметіне жолданады. Қызмет өкілеттіктерін асыра пайдалануға қатысты шағымдар полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік бөлімшесіне жіберіледі.
Шағым немесе өтініш түсірген сотталғанның жеке басын анықтау саусақ іздері арқылы жүзеге асырылады. Бұған қоса, шағымды қарау және шешім қабылдау процесін онлайн бақылауға мүмкіндік бар.
Сыбайлас жемқорлықты болдырмауға бағытталған бұл жұмыс өз нәтижесін береді деп есептейміз, – дейді Ақтөбе облысы прокуратурасының үкімдердің орындалуын қадағалау тобының жетекшісі, облыс прокурорының аға көмекшісі Нұрдәулет Сұлтанов.

Күні бүгін мекемедегі барлық сотталғандарға терминалды қолдау тәртібі түсіндірілді.

– Қылмыстық-атқару кодексіне сәйкес, мекеме әкімшілігімен жазасын өтеуші сотталғандар мен тергеу- қамауындағы азаматтарға заң аясында әлеуметтік- құқықтық, медициналық және психологиялық тұрғыда көмектер көрсетіліп тұрады. Сонымен қатар, сотталғандардың туыстарымен жеке мәселелер бойынша қабылдаулар жүргізіледі және мекемелердегі сенім телефоны арқылы сотталғандардың туыстары тәулік бойы өтініштерін білдіре алады, – дейді КА-168/1 мекемесі бастығының тәрбие жұмысы бойынша орынбасары Сабржан Нұртазин.

Айта кетейік, Қылмыстық-атқару жүйесін дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған Жол картасын іске асыру шеңберінде қолжетімді болған терминалдар күні бүгін облыстың түзеу мекемелерінің барлығында жұмыс істеп тұр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру