Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде майонез құтысына жасырылған телефон тәркіленді
"Тосқауыл" режимдік-профилактикалық іс-шарасы аясында Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №70 мекемесінің қызметкерлері мекеме аумағына тыйым салынған затты жеткізу әрекетінің жолын кесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Сотталған азаматтың атына жолданған сәлемдемені мұқият тексеру барысында қызметкерлер айлакерлікпен жасырылған құпия орынды анықтады. Тыйым салынған зат екі пластикалық майонез құтысының арасына жасырылған. Ол үшін бір құтының түбі кесіліп, екіншісі оның сыртына кигізілген. Осылайша телефонды жасыруға арналған қуыс жасалған.
Тексеру барысында жасырын орыннан қара түсті Nokia телефоны мен SIM-карта тәркіленді.
Аталған дерек бойынша тыйым салынған затты мекемеге жеткізуге әрекеттенген 22 жастағы азамат ұсталды. Оған қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, іс материалдары сотқа жолданды.
Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне тыйым салынған заттарды өткізуге немесе жеткізуге бағытталған кез келген әрекет заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады. Мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың жолын кесу бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
