Қызылордада сотталғандарға психологиялық тренинг ұйымдастырылды
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №37 мекемеде жазасын өтеушілерге арналған "Өмірді қайта бағалау: жауапкершілік, таңдау және болашаққа қадам" тақырыбында психологиялық тренинг ұйымдастырылды. Іс-шара сотталғандардың жауапкершілік сезімін нығайтуға және қоғамға бейімделуіне қолдау көрсетуге бағытталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №37 мекемеде сотталғандарға арналған "Өмірді қайта бағалау: жауапкершілік, таңдау және болашаққа қадам" тақырыбында психологиялық тренинг өткізілді.
Іс-шараны мекеме психологы Гүлжанат Шынарбаева жүргізді. Тренингтің мақсаты – сотталғандардың өз іс-әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру, эмоцияларын басқару дағдыларын дамыту, өмірлік құндылықтарын қайта бағалауға ықпал ету және қоғамға сәтті бейімделуге ынталандыру.
Тренинг барысында қатысушылар өз өміріндегі маңызды таңдауларды саралап, қиын жағдайларда дұрыс шешім қабылдау, күйзелісті еңсеру және болашаққа нақты мақсат қою тақырыптары бойынша пікір алмасты. Сонымен қатар түрлі психологиялық жаттығулар арқылы өзара сенім мен ашық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған жұмыстар жүргізілді.
Мекеме психологы Гүлжанат Шынарбаеваның айтуынша, мұндай кездесулер сотталғандардың эмоционалдық тұрақтылығын күшейтіп, өз мінез-құлқын саралауына, өмірлік ұстанымдарын қайта қарауына және қоғамға қайта бейімделуіне оң әсер етеді.
Тренингке қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыс айтып, шараның өздеріне ой салғанын жеткізді.
– Бұл тренинг өз өміріме жаңаша көзқараспен қарауға көмектесті. Әрбір таңдауымыздың салдары болатынын тағы бір мәрте түсіндім. Болашақта заңды құрметтеп, отбасым мен қоғам алдындағы жауапкершілігімді сезіне отырып өмір сүруге ұмтылу керектігін ұқтым. Осындай кездесулер адамның өз қателіктерінен сабақ алып, алға сенімді қадам жасауына мүмкіндік береді, – деді сотталғандардың бірі.
Мұндай психологиялық іс-шаралар сотталғандардың тұлғалық дамуына қолдау көрсетіп, бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімделуіне және заңға бағынатын өмір салтын қалыптастыруына ықпал етеді.
