Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысында бірнеше бағытта жол жабылды

Ақтөбелік полицейлер жолда қалған көлік жүргізушілері мен жолаушыларға көмек көрсетуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе облысындағы ауа-райының күрт өзгеруіне байланысты, бірнеше жол бағыттары жабылды. Осыған байланысты, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері ЖШС “КазАвтоДор”, ҰК “КазАвтоЖол” АҚ мекеме өкілдерімен бірлесіп, жолда қиын жағдайда қалған көлік жүргізушілер мен жолаушыларға көмек көрсетіп жатыр. Соның бірі – Хромтау ауданынан келе жатып, жолда боранда баласымен қалған жолаушы – Жұлдыз Молдабаева.

– Мен – Хромтау қаласының тұрғынымын. Мен қызымның денсаулығына байланысты, яғни шұғыл ота жасау қажеттігіне орай, дәрігердің нұсқауымен қалаға шыққан болатынмын. Бірақ ауа райы нашарлады. Боран, дым көрінбейді. Жолда қалған соң, полиция қызметкерлері біз үшін жауапкершілік алып, қалаға дейін ілестіріп жүрмек. Рақмет сіздерге, – деді тұрғын.

– Азаматтардың жол бойындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық жол қызметкерлері мен құралдар жұмылдырылды. Жолда немесе батып қалған көлік жүргізушілері мен жолаушыларға барынша көмек көрсетіп жатырмыз. Ол үшін қажетті шараларды қолға алдық, – деді ЖПҚБ бастығының орынбасары Айдос Құлжанов.

Ауа райы болжамын назарға ала отырып, облыстық ПД жеке құрамы мен Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері жол қозғалысына қатысушыларға жан-жақты көмек көрсетуге бағытталды. Жол-көлік оқиғасына немесе басқа да төтенше жағдайға тап болған автокөлік жүргізушілеріне полиция қызметкерлері көмекке келуге әрдайым дайын. Мұндай жағдайларда “102” нөміріне немесе патрульдік полиция ротасының кезекші бөліміне 8 (7132) 729-725 нөміріне қоңырау шалыңыз. Сізге міндетті түрде көмектеседі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру