Ақтөбе облысында мас жүргізушілер жауапқа тартылды
Өңірде мас жүргізушілер ұсталып, жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысында "Тасымалдаушы" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Іс-шараның екі күнінде полиция қызметкерлері мас күйінде көлік басқарудың 10 дерегін анықтады. Мұндай жауапсыздық жүргізушінің ғана емес, жолаушылардың, жаяу жүргіншілердің және жол қозғалысының басқа да қатысушыларының өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіреді.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері жол қозғалысын бақылау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарын да кеңінен қолдануда. Дрондардың көмегімен жол қозғалысы ережелерін бұзудың 20-дан астам дерегі анықталды.
Заманауи технологияларды пайдалану патрульдердің назарынан тыс қалуы мүмкін құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, екі күннің қорытындысы бойынша 700-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 6 заңсыз жолаушылар тасымалдау фактісі, 135 жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзу дерегі, сондай-ақ көлік құралдарын пайдалану талаптарын бұзу және техникалық ақауларға байланысты 119 құқық бұзушылық тіркелді.
Сонымен қатар қарсы қозғалыс жолағына шығудың 9 фактісі және көлікті басқару құқығы жоқ адамдардың көлік басқаруының 36 дерегі анықталып, жолы кесілді.
