Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысында полицей өрт шыққан пәтерден тұрғындарды құтқарды

Ақтөбе облысында полицей өрт шыққан пәтерден тұрғындарды құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

4 мамыр күні сағат 19:50 шамасында Мұғалжар ауданы ПБ-ның 102 телефонына белгісіз біреуден хабарлама келіп түсті. Оның айтуынша, қаладағы үйлердің бірінде өрт шыққан.

Дереу оқиға орнына ТЖД қызметкерлері және Мұғалжар ауданы ПБ-ның шұғыл тергеу тобымен бірге сол күні полиция бөлімі бойынша тексеруші болған әкімшілік полиция бөлімшесінің инспекторы Алмат Бақыткерей де барды. Олар бірден адамдарды өрттен құтқару жұмысына кірісіп кетті. Құтқару жұмыстары кезінде Алмат өз өмірін қатерге тігіп, көп қабатты үйдің үшінші және төртінші қабатындағы пәтерде қалып қойған азаматтар мен сәбилерді өрттен құтқарып, балконнан төмен қарай баспалдақпен түсіріп алды.

– Негізі бүгін мен полиция бөліміне тексеруші болып шыққанмын. Өрт шыққаны туралы хабарлама келгенде бірден шұғыл тергеу қызметкерлерімен бірлесіп, оқиға орнына жеттім. Өрт жалынын көрген сәтте ойланатындай уақыт болған жоқ. Бар ойым тек іште қалған балаларды құтқару болды. Зардап шеккендер жоқ. Барлығы 50 адам эвакуацияланды, – деп бөлісті полицей.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру