Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысының погон таққан аруы қызметі жайлы сыр шертті

Ақтөбе облысы Ембі қалалық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Арай Адильбаева теміржолшылар отбасынан шыққан. Жақындары оның полиция қызметкері болуына қарсы болған, себебі бұл салада отбасында ешкім жұмыс жасамағандықтан, полициядағы қызметті аса ауыр деп ойлаған. Жауапкершіліктің ауырлығына қарамастан осы жолды таңдаған антына адал Арай Polisia.kz редакциясына қызметі жайлы айтып берді.

Мектепті аяқтап, оқуға құжаттар тапсыратын кезде ата-анасы оның Теміржол колледжіне оқуға түсуін қалаған, алайда Арай өзінің арманына және әкесінің орындай алмаған арманына қол жеткізу үшін бұл мамандықтан бас тартқан.

– Полиция қызметкері болуды 1-сыныптан бастап армандадым. Мектепте “Өскенде кім боласың” деген тақырыпта шығарма жазғанда, мен үнемі “Полицей болам, адамдарды құтқарамын” деп айтушы едім. Сөйтіп, ешкіммен ақылдаспай, ешкімнің айтқанын тыңдамай, 2009 жылы Ақтөбе қаласына барып, құжаттарымды құқықтану мамандығына тапсырып келдім, – дейді Арай.

Оқу аяқталар сәтте дипломның алдында өтетін практиканы ол Мұғалжар ауданы ПБ Ембі қалалық полиция бөлімінің тергеу тобында Ольга Умарованың қарамағында өткен.

– Төрт айлық практика уақытында мамандығымды дұрыс таңдағаныма көзім жетті, себебі тәлімгерімнің қасында жүріп өзіме керекті ақпараттармен таныстым. Жұмысқа кірген соң, тәлімгерім марқұм Алихан Жусуповтен де көп нәрсе үйрендім, – деп еске алды 10 жылдық тәжірибесі бар погон таққан ару.

Арай жасөспірімдермен жұмыс істеудің қиыншылықтары бар екенін тілге тиек етті.

– Қазіргі таңда жасөспірімдермен жұмыс жасаудың қиындықтары бар, әр оқушыға мейлінше психологиялық тұрғыда көмек көрсетіп, әр баланың тілін тауып, сөйлесуге тырысамыз. Есепте тұрған оқушылардың әрқайсысымен жеке ыңғайын тауып, әсер ететіндей етіп сөйлесіп, профилактикалық жұмыс жүргіземіз. Есепте тұрған оқушылардың ішінде түзу жолға түсіп, бүгінде өздерінің қалаған мамандықтары бойынша жақсы жерлерде қызмет етіп жатқан оқушыларымыз бар. Бізді көріп қалған кезде рақмет айтады, – дейді полиция қызметкері.

А.Адильбаеваның айтуынша, есепте тұратын ата-аналардың ішінде дұрыс жолға түсетіндер де, ата-аналық құқығынан айырылатындар да болады. Инспектор олармен де психологиялық тұрғыда жұмыс жасап, барынша жұмысы жоқ ата-аналарды жұмысқа орналастырып, бар көмегін көрсетеді. Мамандығын ерекше жақсы көретін Арай жасөспірімдердің қатысуымен болатын қылмысты азайту мақсатында олармен жеке профилактикалық жұмыс пен шараларды жиі өткізіп тұрады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру