Ақтөбе облысының полицейлері тұрғынның құны 10 млн теңге болатын жылқыларын тауып берді
Ақтөбе облысының полицейлері тұрғынның құны 10 млн теңге болатын жылқыларын тауып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен жылы желтоқсан айының соңында Қобда ауданының аумағындағы шаруа қожалығының иесі 23 жылқысын көз жазып қалған. Жануарлар бақташысыз еркін жайылымда жүрген кезде жоғалған.
Мал иесі алғашында бірнеше күн іздеу жұмыстарын өз күшімен жүргізген, алайда оң нәтиже болмағаннан кейін 7 қаңтарда полицияға арызданды. Бұл ретте, фермердің айтуынша, жылқылар жайылымда бір апта уақыт бойы қараусыз болған.
Полиция қызметкерлері жоғалған жылқыларды іздеуге дереу кірісті. Іздеу жұмыстарына 12 полиция қызметкері және 5 бірлік автокөлік жұмылдырылды. Үздіксіз жүргізілген іздестіру жұмыстары барысында 3 күннен кейін жылқылар шаруа қожалығы аумағынан 13 километр жерден түгелімен өз бетінше жайылып жүрген жерінен табылды.
Анықталғандай, қараусыз жүрген жылқылар жазықта жүрген басқа ауылдың жылқы үйіріне қосылып кеткен. Полиция қызметкерлері табылған жылқыларды айдап әкелді. Мал иесі жалпы құны 10 миллион теңгеге жуықтайтын малын тауып берген полиция қызметкерлеріне алғысын жеткізді.
Қылмыс орын алмауына байланысты мал ұрлығы бойынша қозғалған қылмыстық іс қысқартылатын болады.