Ақтөбе облысының ҚАЖ қызметкерлері «Өзгеге жылу сыйла!» акциясына қатысты
Ақтөбе облысының ҚАЖ қызметкерлері акцияны қолдап, мұқтаж жандарға арнап қан тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Алмас Шамишевтің бастамасымен, елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты науқастарға қан беруге арналған «Өзгеге жылу сыйла!» акциясын департамент пен оған қарасты КА-168/1, КА-168/2, КА-168/3 мекемелерінің қызметкерлері және Пробация қызметінің қызметкерлері бірауыздан қолдады.
Жалпы, Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ қызметкерлері науқастар үшін қан тапсыруды әдетке айналдырған. Олардың арасында 30 жылдан астам уақытын донорлыққа арнаған қызметкерлер де бар.
Әрине, «науқасқа – денсаулық, өліммен арпалысқа түскен адамға – өмір» сыйлайтын донорлардың игі ісі мақтауға тұрарлық. Алайда, кез келген адамның қан тапсыра алмайтыны тағы белгілі. Тек денсаулығы мықты, өзін өте жақсы сезінетіндер ғана мұндай мүмкіндікке ие.
– Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық- атқару жүйесі департаментінің бастығы Алмас Абжанұлының бастамасымен, бұл акцияны «Өзгеге жылу сыйла!» деп атадық. Ондағы мақсатымыз- еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты, барлық адамдардың назарын қан тапшылығы мәселесіне аударғымыз келді. Сонымен қатар, ҚАЖ қызметкерлері өздеріне жүктелген тапсырманы орындаумен қатар, бірнеше жылдан бері қан орталығына қан тапсырып келеді және дәл қазіргі жағдайда бұл өте қажет іс екенін толық сезінеді. Сол себепті, қиын-қыстау кезеңде де біз басқалармен бірге болуымыз керек деп есептедік, – дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Илюпов.
Акция барысында өзгеге жылу сыйлаған ҚАЖ қызметкерлерінің арасында өте сирек кездесетін ІV-ші топтағы қан тобын тапсырған қызметкерлер де болды. Солардың бірі – Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің тылмен қамтамасыз ету тобының аға инспекторы- Айзада Келжанова биыл бірінші рет қан тапсырды.
– Маман-дәрігерлер менің қан тобымды білген кезде қуанып, алғыстарын айтып жатты. Жалпы, мен өзімнің қан тобымның сирек кездесетінін бұрыннан білетінмін. Дегенмен, биылғы жыл барлық адамзатқа ауыр тигендіктен, өте сирек кездесетін қан тобына мұқтаж науқастар да болатынын ойлағандықтан әріптестеріме еріп осында келдім. Алдағы күндері де аталған акцияларға қатысатын боламын,- дейді ол.
Қан орталығының мамандары тиісінше, өзгенің денсаулығына алаңдаған ҚАЖ қызметкерлеріне алғысын білдірді.