Ақтөбе полицейлері Литва азаматына әпкесін еліне қайтаруға жәрдемдесті
Ақтөбе полицейлері Литва азаматына әпкесін еліне қайтаруға жәрдемдесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.Ақтөбе облысы ПД көші-қон қызметі басқармасына Литва азаматшасы Рута Багданович хабарласып, Қазақстан Республикасы Ақтөбе қаласына кеткен және 20 күннен астам уақыт бойы байланысқа шықпаған әпкесін іздестіруге жәрдемдесуді сұрады. Өтініш берушінің айтуы бойынша, әпкесі де Литва азаматы және Литвада оның екі кәмелетке толмаған баласы қалған.
Көші-қон қызметінің қызметкерлері іздестіру шараларын жүргізу барысында Ақтөбе қаласындағы Литва азаматының мекенжайын анықтады. Ол өзінің қиын жағдайға тап болғанын және қазіргі уақытта Литваға өз бетінше шығуға қаражаты жоқ екендігін түсіндірді.
Әрі қарай көші-қон қызметінің қызметкерлерімен Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданып, аталған Литвалық бикеш еліне қайтарылды.
Еліне қайтаруға көмек көрсеткені үшін Литва азаматы полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.