Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде бір түн ішінде 185 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Ақтөбеде бір түн ішінде 185 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жаяу жүргіншілер – жол қозғалысына қатысушылардың ең осал санаттарының бірі. Жүргізушілермен салыстырғанда олар физикалық тұрғыдан әлсіз және олардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары көбінесе қайғылы жағдайға әкеліп соқтырады.

Қала аумағында 07-10 сәуір аралығында жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған “Жаяу жүргінші-жолаушы” жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр. Сондай-ақ, белгіленбеген жерлерде жүріс бөлігін кесіп өтетін жаяу жүргіншілерге және жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту ережелерін бұзатын жүргізушілерге ерекше назар аударылады.

Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері еріктілермен бірге қала аумағындағы жедел жағдайды тұрақтандыруға бағытталған рейдтік іс-шара ұйымдастырды.

– Іс-шараны өткізу барысында барлығы 185 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 24 жолаушы қауіпсіздік белбеуін тақпаған, 57 жаяу жүргінші жүріс бөлігін жаяу жүргіншілер өткелінен тыс жерлерден кесіп өткен. Сонымен қатар, қарама-қарсы жолаққа шыққаны үшін сегіз жүргізуші, телефон пайдаланғаны үшін 21 жүргізуші, көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін төрт жүргізуші жауапқа тартылды, – деп түсіндірді батальон командирі Ермек Шуканов.

Облыстық ПД жол қозғалысының барлық қатысушыларын жол ережелерін сақтауға шақырады, жоғары жылдамдық пен қозғалыс қарқындылығы жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден өте мұқият болуды талап етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру