Түркістан облысында карантинде жұмысын тоқтатпаған ойынхана анықталды
Түркістан облысында карантин талаптарын сақтамай, жұмыс істеген ойынхана анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулыларының негізінде, карантин кезінде бірқатар шектеу шаралары көрсетілген. Осы бағытта карантин режимін және шектеу шараларының сақталуын қадағалау үшін, Арыс АПБ-ның қызметкерлерінен құрылған бірнеше топтар профилактикалық жұмыстар жүргізуде.
Әрбір жанның денінің саулығы мен бас амандығы үшін, шектеулердің дұрыс орындалуын қадағалау мақсатында полицейлер жүргізген кезекті жұмыс күнінде, Арыс қаласы көшелерінің бірінде орналасқан компьютерлік ойын клубының жұмыс жасап тұрғаны белгілі болды. Аталған жайтқа байланысты ойынхана әкімгеріне карантин режимін және шектеу шараларын сақтамай, карантин талаптарын орындамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша іс-құжаттар рәсімделді. Жинақталған ақпараттар заңды шешім қабылдау үшін Арыс қалалық СЭББ-на жолданды. Оған қоса ойынханада отырған 25 тұрғынға түсіндірме жасалып, тарқатылды.
Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері карантин режимі кезінде бекітілген талаптарды орындамай, тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіретін азаматтар тиісті жазаға тартылатынын ескертеді. Сондықтан талаптарды қатаң сақтау, бетперде кию және арақашықтықты сақтауды естен шығармаңыз.