Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде есепте тұрған сотталғандардың қоғамға бейімделу мәселесі қозғалды

Ақтөбеде есепте тұрған сотталғандардың қоғамға бейімделу мәселесі қозғалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түзеу орындарынан босап шыққан сотталғандардың әлеуметтік проблемалары Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Алматы аудандық пробация қызметінің өңірдегі «Дәріс» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Гүлнұр Идигеевамен болған кездесуде қозғалды.

Іс-шараға сондай-ақ, «Дәріс» қоғамдық бірлестігінің психолог маманы, Ақтөбе қаласының Алматы аудандық прокуратурасының бөлім прокуроры Мейіржан Жармешов, қалалық мүгедектерді қолдау орталығының атқарушы директоры Гүлмира Сражова және Алматы аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандар қатысты.

Кездесуде Алматы аудандық пробация қызметінің қызметкерлері есепте тұрған сотталғандардың әлеуметтік бейімделуіне қатысты бірнеше мәселені көтерді. Айтуларынша, бас бостандығынан айыру мекемелерінен босаған сотталғандардың көбісінің орта білімі жоқ және «соттылығына» байланысты оларды кейбір жұмыс беруші орындар жұмысқа қабылдағысы келмейді. Сонымен қатар, түзеу мекемесінен босап шыққан сотталғандардың туыстары үй-жайларын сатып, басқа қалаға қоныс аударып кететіндіктен, баспанасыз қалған сотталғандар қайта қылмыс жасауға бейім болады да, ақырында кері жаза өтеу орнына оралады.

– Іс-шара Алматы аудандық пробация қызметі және «Дәріс» қоғамдық бірлестігімен келіскен меморандум аясында ұйымдастырылды.
Кездесудің мақсаты – пробация қызметімен есепте тұрған азаматтарға, сондай-ақ, түзеу мекемелерінен босаған сотталған азаматтардың білім алуына, қосымша мамандық мамандық алып беру немесе жұмысқа орналастыру, тегін медициналық және психологиялық көмек көрсету немесе заң аясында тегін кеңестер беру, я болмаса тұрғылықты мекен-жайы болмаған жағдайда оларды бейімделу орталықтарына орналастыру, яғни осындай туындаған мәселелерді шешу болып табылады.
Мәселен, шартты түрде сотталған азаматтардың көбісінің орта мектепті бітіргені немесе орта оқу орнында оқығаны туралы білімдері болмайды. Сондықтан олардың құжаттары заң аясында жұмысқа алу үшін жарамды болуы үшін біз сотталған азаматтарпды қайта оқытуға немесе кәсіптік мамандық алуға қайта даярлау курстарына оқытамыз, – дейді Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметінің бастығы Айған Алмағамбетова.

Кездесу барысында Алматы аудандық пробация есебінде тұрған Марлен есімді сотталған азамат соттылығына байланысты түрлі мекемелер жұмысқа қабылдамай отырғанын айтса, Аслан есімді есепте тұрған азамат жұмыс беруші орындардың барлығы өзінен сотталғаны туралы құжат талап ететінін және бұл оның құқықтарына нұқсан келтіретінін айтты.

Осы ретте «Дәріс» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Гүлнұр Идигеева, пробация есебінде тұрған азаматтарға «Заңға сәйкес, мемлекеттік мекемелерден басқа жұмыс беруші орындар сіздерді себепсіз жұмысқа қабылдамауға қақысы жоқ. Осындай мәселе туындаған жағдайда, сіздер құзырлы органдарға шағымдана аласыздар», – деп кеңес берді.

Басқосу соңында іс-шараға арнайы шақырылған Ақтөбе қаласының мүгедектерді қолдау орталығының атқарушы директоры Гүлмира Сражова, сотталған азаматтарға жігер беру мақсатында өзінің өміріндегі кездескен қиындықтарымен және онымен қалай күрескенімен бөлісіп, сотталған азаматтарға мотивация сыйлады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру